Жетісайда өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен ер адам ұсталды
Жетісайда өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, түнгі уақытта үйінің қақпасы алдында тұрған Ваз-2107 көлігін белгісіз біреу рұқсатсыз айдап кеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынысыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.
Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде, жетісайлық полицейлер тәулік ішінде жәбірленушінің көлігінің тұрған жерін және күдіктінің жеке басын анықтады.
Анықталғандай, күдікті түнгі уақытта көшеде кілттенбеген көлікті байқап, арам ойын іске асырып, айдап кеткен. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.