Кентаулық полицейлер бұзақылық жасап, мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады
Кентаулық полицейлер бұзақылық жасап, мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Кентау қаласы ПБ патрульдік полиция тобының қызметкерлері патрульдеу жұмыстарын атқару кезінде жол бойында төбелесіп жатқан жүргізушілерді байқап, бірден мән-жайды анықтау үшін олардың жандарына барады. Содан бір-біріне күш қолданып жатқандарды ажыратып үлгереді. Осы сәтте Alphard көлік жүргізушісі Hyundai жүргізушісінің үстінен арызданады.
Жәбірленушінің айтуынша, ол өзінің Alphard көлігімен келе жатып, абайсызда жол шетінде тұрған орта жастағы әйелді қағып кетейін деп қалған. Осы сәтте соңындағы көліктен әйелдің күйеуі шығып, оның тарапына қатысты түрлі балағат сөздер айтып, соққыға жыға бастайды. Осылайша екеуінің арасында түсінбеушілік орнап, соңы үлкен дауға ұласқан. Hyundai жүргізушісі ұрып-соққанымен қоймай, жәбірленушінің көлігінің терезесін сындырып, 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Мән-жайға қаныққан полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркеуге алды. Жүргізушілердің құжаттарын тексеру кезінде Hyundai жүргізушінің мас халде екеніне күмән келтіріліп, оның спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны расталды. Оған қоса автокөлік иесі бұдан алдын жүргізу куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
Осыған сәйкес Hyundai жүргізушісіне, яғни бұзақылық жасап, онымен қоймай мас күйде көлік тізгіндеген жас жігітке қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 2-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) тергеу амалдары жүргізілуде.