БҚО-да жалған полицей тұрғынды 1,5 млн теңгеге алдап кетті
БҚО-да жалған полицей тұрғынды 1,5 млн теңгеге алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Алаяқтар халықты алдау үшін, пайда көру мақсатында олардың сенімін оятудың жаңа схемасын ойлап тапты. Енді алаяқтар полиция қызметкерлері болып хабарласып, құйтырқы әрекеттерін іске асыруда.
Бүгінгі күні БҚО-да полицияға алаяқтардың құрбаны болған жүзден астам адам жүгінген.
– Алаяқтар тергеу бөлімінің орынбасары немесе экономикалық тергеу бөлімінің бастығы ретінде тегі мен лауазымын айтып, ІІМ-мен құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша сіздің атыңызға несие берілген немесе сіз мерзімі өткен қарыз бойынша кепілгер екеніңізді алдап, тергеу жүргізіп жатқанын айтады. Әрине, азаматтардың көпшілігі бұл жағдайда оларға полиция қызметкері хабарласты деп сеніп қалады. Алаяқтар одан сайын “қазір банк қызметкерлері сізге қоңырау шалады, олардың нұсқауларын орындауыңыз керек” дейді. Әрі қарай бәрі ескі схема бойынша жүреді. Алаяқтар банктік карта нөмірлерін немесе қашықтан кіру қосымшасын орнатуды сұрайды, несие алдыртып және хабарламаға келген жасырын код сөзін айтуды сұрайды. Жалпы, алаяқтықтың барлық ескі белгілі схемалары қолданылады. Егер азаматтар алаяқтардың мұндай жалған сөздеріне сеніп қалса, онда құрбандар өздерінің шотындағы ақшасынан айырылып қалады, олардың атына несие рәсімделіп кетеді. Осылайша азаматтар алаяқтардың жалған сөздеріне сеніп, банкке қарыз болып шығады, – дейді полиция қызметкері.
Мәселен, 1991 жылғы қала тұрғыны банктың қосымшасы арқылы 34 жастағы азаматшаның атынан 1,5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Азаматтың басқа да қылмысқа қатыстылығы анықталуда.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
БҚО бойынша Полиция департаменті облыстың барлық тұрғындарына ешқандай жағдайда алаяқтардың айла-амалдарына сенбеу қажеттігін ескертеді. Полиция қызметкерлері ешқашан банк қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға, телефон арқылы істің егжей-тегжейін жариялауға, деректеріңізді үшінші тұлғаларға беруге қоңырау шалмайтынын және айтпайтынын еске салады.