Қызылордада пробация есебіндегі 10 сотталғанға қайырымдылық көмек көрсетілді
Қызылорда облысында пробация есебіндегі 10 сотталғанға қайырымдылық көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қызылордада пробация есебіндегі сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуде, олардың қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыру, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгін Сырдария-Нұрдария қоғамдық бірлестігі аудандық пробация есебіндегі он сотталғанға қайырымдылық көмек көрсетті.
Оларға бірінші кезекте қажетті азық-түліктер таратылып, мектеп жасындағы балаларына оқу құралдары салынған сөмке берілді.
– Пробация қызметінің инспекторлары бізге әрдайым рухани жағынан қолдау білдіріп отырады. Одан бөлек әлеуметтік-құқықтық, психологиялық, медициналық көмектер көрсетіледі. Бүгін бізге Сырдария-Нұрдария қоғамдық бірлестігінің қолдауымен азық-түлік үлестіріп, балаларыма сабаққа қажетті құралдар салынған сөмке берді. Бұл жақсылық жаныма қуат бергендей болды, – деді есептегі сотталған.
– Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше қол ұшын беріп, көмек қолын созуға тырысамыз. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз. Бұл шара осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да әр түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын боламыз, – деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Асылжан Сақыбеков.