Есірткіні өндіргені, жарнамалағаны және сатқаны үшін екі петропавлдыққа қатысты сот үкімі шықты
Есірткіні өндіргені, жарнамалағаны және сатқаны үшін екі петропавлдыққа қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда 21 және 22 жастағы қала тұрғындары сот үкіміне кесілді. Жас жігіттер 6 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Полицейлер оларды қаңтар айында бірінің тұрғылықты жерінен ұстады. Пәтерден есірткі жасауға арналған құралдар және 1,18 грам синтетикалық каннабиноид алынды, бұл аса ірі көлемге жатады. Бұдан бөлек, олардың көрсеткен жерлерінде 12 есірткі сақтайтын орын табылды, ол жерден өсімдік тектес зат салынған «түйіншектер» алынды. Сараптама алынған зат «спайс» атауымен белгілі, салмағы 4,81 грамм есірткі екенін көрсетті.
– Жас жігіттер «спайс» қоспасын дайындаумен айналысқаны, оны заңсыз сақтап, өздері ашқан интернет-дүкен арқылы сатқаны белгілі болды. Бұдан бөлек, олардың біреуі синтетикалық есірткіні және Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкенді жарнамалаумен айналысқан. Абырой болғанда, олар өздерінің арам әрекетіне көпшілікті тартып үлгермеген. Олар өздерінің қылмыстық әрекетін екі аптадай жүзеге асырған, кейін ұсталған, – дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.
Синтетикалық есірткілерді сатумен байланысты қылмыстарды анықтау және ашу Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен оның бөліністерінің жұмысындағы басымды бағыттардың бірі. Биылғы жылғы 7 айда СҚО-да 46 есірткі сату фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 333 кг түрлі есірткі заты алынған, оның 1,5 кг синтетикалық есірткі.
Полицейлер СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында 8 (7152) 39-41-93 сенім телефоны жұмыс істейтіні туралы еске салады, бұнда есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар кез-келген факті туралы хабарлауға болады.