Түркістан облысында отбасыға қарумен шабуылдаған екі жігіт ұсталды
Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов Келес ауданында түнгі уақытта өзгенің тұрғын үйіне кіріп, қарақшылық шабуыл жасаған туыс жігіттердің ұсталғанын жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Оқиғаны толығырақ айтар болсақ, Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, қарақшылық шабуылдың құрбаны болғаны жөнінде хабарлама түсірген. Анықталғандай, қарақшылар жәбірленушілерді қарумен қорқытып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Тексеру кезінде жәбірленушінің айтуынша, үйіне белгісіз екі ер адам кіргені белгілі болды. Осы сәтте диван үстінде ұйықтап жатқан үй иесі оянып кетіп, сезіктілерден кім екенін сұрай бастайды. Алайда күдіктінің бірі оның аузын жауып, дауыс шығармауына әрекет етеді. Осы сәтте үй иесінің әйелі оянып кетіп, ол күйеуіне төніп тұрған күдіктіге жармасады. Осындай арпалыс кезінде күдіктілердің бірі қолындағы пневматикалық қарумен оқ атып, үйден қашып кетеді. Нәтижесінде үй иесі жарақат алды.
Түнгі сағат 02:00 шамасында шырт ұйқыда жатқан отбасының тыныштығын бұзып, қарумен қылмыс жасаған күдіктілерді ұстауға тез арада Криминалдық полиция басқармасы мен Келес ауданының тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар күдіктілерді анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Көрген-білгендерден сұрастырды.
Нәтижесінде жедел уәкілдер күдікті екі ер адамның жеке басын анықтады. Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары, күдіктілерді тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Аталған келестік тұрғындар бір-біріне туыс, жұмыссыз жас жігіттер болып шықты. Олар полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде сезіктілерден айғақты зат ретінде пневматикалық қару тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.