Түркістан облысында жайылымнан мал ұрлаған шетелдік екі азамат қамауға алынды
Түркістан облысында жайылымнан мал ұрлаған шетелдік екі азамат қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, Қазығұрт ауданына қарасты жайылымдық жерден оның әрқайсысының құны 70 теңге тұратын 27 бас қойын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 2 млн теңгеге жуық.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алды. Хабар алған бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде шетелдік екі ер адам анықталып, ұсталды. Олар Өзбекстан және Қырғызстан Республикасының азаматтары болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушінің малшысымен таныс болып шықты. Яғни, шетелдік азаматтар көрші жайылымда малшы болып жұмыс жасаған. Олар кешкі уақытта жиналып, бірге ішімдік ішкен. Содан күдікті шетелдіктер жәбірленушінің малшысының ұйықтап қалған сәтін пайдаланып, жайылымнан қойларды Нива көлігіне тиеп, алып кеткен.
Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда сезіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.