Шардарада қойшы 23 млн теңгенің малын сатып жіберген
Шардарада қойшы 23 млн теңгенің малын сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шардара аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзі басқарып отырған жайылымдық жердегі қойшыға 400-ден астам қойларын сеніп тапсырған. Алайда мал басын түгелдеуге барғанда олардың толық емес екендігін байқаған. Осылайша жәбірленушіге келген шығын көлемі – 23 млн теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеуге алды.
Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына шұғыл шықты. Полицейлердің жүргізген тиянақты жұмысының нәтижесінде аталмыш қылмысқа қатысы бар жәбірленушінің қой бағып жүрген қойшысы, яғни Ордабасы ауданының тұрғыны анықталды.
Белгілі болғандай, сезікті ер адам 2021 жылдың тамыз айынан бері ұсақ малдарды біртіндеп сатып, өз пайдасына жаратып отырған. Ал мұны жәбірленуші арада жыл өткен соң білген. Ол малдарын түгелдеуге келгенде 400-ден аса мал санының аз екенін байқаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.