Қарағанды облысының полицейлері тараздықтан 2 келі гашиш тәркіледі
Қарағанды облысының полицейлері тараздықтан 2 келі гашиш тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қыркүйек күні сағат 13.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасы, есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлерімен «Қарасора -2022» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында қаладағы сауда үйлерінің маңында тұрған автокөлікке назарлары түскен. Полиция қызметкерлері көлікте отырған 33 жастағы Тараз тұрғынына ерекше назар аударған.
Осыған орай, оны тексеру барысында тәртіп сақшалыра азаматтан полимерлік пакетте өсімдік тектес борпылдақ зат тәркілеген.
Ұсталған азамат полиция қызметкерлеріне Республикамыздың оңтүстік өңірлерінің бірінде қарасора алқабын тауып алып, өзі үшін пайдалануға кептіріп алғанын айтты. Сараптама қорытындысына сәйкес, сараптамаға берілген заттың 2 келі гашиш екені анықталды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды.