ІІМ басшысы жолдардағы ЖКО санын қалай азайтуға болатынын айтты
Жол қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі Үкімет отырысы кезінде ІІМ басшысы жолдардағы ЖКО санының азаюына не әсер етуі мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазір жолдардың ақылы учаскелерінде 106 камера орнатылған. Олардың тек 6-ы ғана жылдамдық режимін (Астана-Бурабай) тіркейді.
– Бұл өте аз. Мұнда жүріс жылдамдығын бақылаудың тиімді тетігі жоқ. Сондықтан мұны шешудің бір жолы – ол республикалық трассада «орташа жылдамдықты» асырғаны үшін жауапкершілік енгізу. Бұл ұсыныс мүдделі мемлекеттік органдармен бірге талқылануда, – деді Марат Ахметжанов.
Министрдің айтуынша, апатты азайтудың тиімді шешімі – ол автоматты радар мен камералары бар патрульдік көліктерді пайдалану.
– Қазір мұндай көліктердің тек 60-ы ғана бар. Ал Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарының әкімдіктері мұндай қондырғыларды тіпті алмаған, – деді спикер.