Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елорда полицейлері оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Астана қаласы №73 физика-техникалық лицейінде полиция қызметкерлері оқушыларға арналған қауіпсіздік сабағын өткізді. Іс-шараға 7-сынып оқушылары қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сабақ барысында Астана қаласы ПД ювеналды полиция бөлімінің бастығы Нэлля Дощанова жасөспірімдерге жол ережесін түсіндіріп, жеке қауіпсіздік пен балалар арасындағы қылмыс жайында айтып берді.

Спикердің сөзінше, былтыр елорда бойынша жасөспірімдер 140 қылмыс жасаған. Оның басым бөлігі – ұрлық.

– Өткен жылы қалада балалардың қатысуымен 141 жол-көлік оқиғасы болған. Сол себепті жолда абай болып, бағдаршамнан өтіп бара жатқанда жан-жақтарына қарап жүріңіздер. Қауіпсіздікті тек қана көшеде ғана емес, ғимараттың ішінде де сақтау керек. Сондай-ақ, айта кетейін, қылмыс жасаған балалардың саны емес, қылмыстың қайталануы көбейді. Балалар көбінесе планшет, телефон ұрлайды, – деп айтты Н. Дощанова.

Сонымен қатар іс-шараға Астана қаласы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұржан Тлеуғабыл және Алматы ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкері Ғалия Шамаева қатысты.

Ювеналды полиция қызметкері балаларға киберқылмыс және интернет-алаяқтық туралы баяндап, қорғану жолдарын таныстырды.

Оқушыларға жалған ақпарат таратқандарды қандай жауапкершілік күтетінін айтып, күмәнді сөмкелермен жұмыс істеуді қалалық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Нұржан Тлеуғабыл үйретті.

– Соңғы кезде мектепте жарылғаш қойылған, яғни бомба бар деген жалған хабарламалар тарату дерегі жиі кездеседі. Әдетте, бұндай әрекеттерге жасөспірімдер барады. Алайда балалар бұның артында қылмыстық жауапкершілік бар екені біле білмейді. Жалпы жалған хабарлама тарату – қылмыстың ауыр түріне жатады. Сондай-ақ заңға сәйкес, кәмелетке толмағандардың жасаған қылмысы үшін оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады, – деді спикер.

Оның сөзінше, мұндай жалған ақпарат таратқандарға ҚР Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша жауапкершілік қарастырылған.

– Бүгінгі қауіпсіздік сабағы қызықты өтті. Мектебімізге полиция қызметкерлері келіп заң бұзушылықтар, жалған хабарламалар, мектепке қауіпті заттар әкелмеу жайында әңгімелеп берді. Мен бұл ақпараттар оқушылар үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Сонымен қатар бізге полицейлер балалар үшін құқықтық жауапкершіліктің қанша жастан басталатыны туралы түсіндірді. Егерде осындай қауіпсіздік сабақтары жиі ұйымдастырылса, құқық бұзушылықтар аз болады деп ойлаймын, – деді сабаққа қатысқан 7-сынып оқушысы Естай Ертай.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру