Қызылордалық полицейлер Республика күнін атап өтті
Қызылорда облысы Полиция департаментінде Республика күніне орай салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Мерекелік кеш барысында ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың жедел хаты оқылды.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен 14 қызметкер марапатталды.
Департамент бастығы Мұхтар Қожабаев ардагерлер мен қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
– Сіздерді тәуелсіз ел тарихындағы ең басты мерекенің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн — халқымыз үшін аса қастерлі, ұлық мереке. Осындай маңызы бар тарихи сәтте еліміздің туы асқақтап, келешегі жарқын болсын. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!, – деді Департамент бастығы Мұхтар Аманқұлұлы.
Қызылорда облысы ПД бастығы бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарған, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің 500-ден аса қызметкері, оның ішінде 53 ардагер марапат алды. Сонымен қатар осы мереке күні 33 полиция қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айтулы күнмен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай қызметкерлерді құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында абыройлы қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлеріне арнап Облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті.