Шымкентте көлік терезесін күңгірттеп алған 700-ден астам жүргізуші жазаланды
Шымкент патрульдік полиция полкінің инспекторлары қызмет атқару барысында жиырма күннің ішінде терезесі күңгірттелген 710 жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Жергілікті полиция қызметі жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті қызмет атқарылуда.
Жиырма тәулік ішінде терезелері күңгірттелген 710 автокөлік жүргізушілеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі (Күңгірттеу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ 750 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
Техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Шымкенттік полицейлер терезенің жарық өткізу нормаларынан асып түсетін көлік құралдарын пайдалану жайттарын анықтау және жолын кесуге бағытталған жұмысты белсенді жалғастыруда.