Министр Марат Ахметжанов СҚО тұрғындарымен кездесті
Солтүстік Қазақстан облысы – ішкі істер министрінің халықпен кездесуі өткен кезекті өңір. Іс-шара басталғанға дейін біз Петропавл тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, олардың қаланы қаншалықты қауіпсіз санайтынын білуге тырыстық, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Бізге кездескен петропавлдық тұрғындар өңірдегі полиция қызметіне оң бағасын берді. Респонденттердің арасында қоғамдық тәртіпті жақсарту бойынша өз ұсыныстарымен бөліскендер де болды. Олардың кейбіреулері жергілікті жүргізушілердің көлік жүргізуі мен жол мәдениетін сынға алды.
Ішкі істер министрінің СҚО тұрғындарымен кездесуінде түрлі сұрақтар қойылды. Олар негізінен жол қауіпсіздігі, есірткі айналымы, көші-қонды бақылау және ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу туралы болды. ІІМ басшысының құзыретіндегі барлық мәселелер тез арада шешілді. Азаматтардың кейбір өтініштері бойынша қызмет басшыларына тапсырмалар берілді.
Кездесуде Марат Ахметжанов жиналғандарды аймақтағы криминогендік жағдаймен таныстырды. Ол полицейлердің назарын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең проблемалық мәселелерге аударды. Мәселен, облыста жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Өкінішке орай, апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың да саны көбейген.
– Қазір жүргізушілердің тәртібін арттыру үшін жол жүрісі қағидаларын бұзуды автоматты түрде тіркейтін камералар қолданылады. Олар өз тиімділігін көрсетуде. Алайда облыста осындай 43 құрылғы ғана орнатылған. Бұл жеткіліксіз екені анық. Апаттың көбеюіне тағы бір себеп – жол инфрақұрылымының төмендігі. Бүгінде облыс бойынша 1700 жол белгісі, қиылыстарда 53 бағдаршам, 4800 км жол таңбасы, 56 км жасанды жарықтандыру орнату қажет. Облыс әкімдігінен осы мәселелерді белсенді түрде шешуді сұраймын, – деді министр кездесуде.
Сонымен қатар ведомство басшысы полиция мен жұртшылықтың тиімді өзара іс-қимылының оң үлгісін атап өтті. Мысалы, Тайынша ауданының Теңдік ауылы мен Есіл ауданының Қарағай ауылында тұрғындар алкогольден бас тартқан, ондағы дүкендерде спирттік ішімдіктер сатылмайды. Әкім мен учаскелік полиция қызметкерлерінің белсенді, бірлескен жұмысының арқасында бұл жерлерде ешқандай қылмыс орын алмаған, нашақорлар мен есепке алынған адамдар жоқ. Ал Мамлют және Қызылжар аудандарында жергілікті биліктің арқасында тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері салынып, бейнекамералар орнатылған.
– Қазір серіктестік директоры мен ауыл әкімдері залда. Осыған байланысты мен оларға полициямен бірге құқықтық тәртіпті сақтау бойынша ашық және жемісті жұмыс жасағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Марат Ахметжанов.
Еліміздің бас полицейі Теңдік ауылдық округінің әкімі Ержан Қасқұлақовты, Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаевты, Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукинді және «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченконы «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.
Үлкен есеп беру кездесуінен кейін министр азаматтарды қабылдады. ІІМ орталық аппаратының қызмет бастықтарымен бірге ол өтініш білдірген әрбір адамның ісін қарады. Мұқият тыңдап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.