Жамбыл облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды
Жамбыл облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талас аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторлары Қаратау қаласының көшелерін патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған Toyota Сamry автокөлігін байқаған. Алайда жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамай және бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан жүрісін жалғастырған. Полиция қызметкерлерімен көлік тоқтатылып, жүргізушімен әңгімелесу барысында оның масаң күйде көлік басқарғаны белгілі болды. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша оның «жеңіл дәрежедегі» мас күйінде болғаны расталды. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Сот шешіміне сәйкес, жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сондай-ақ жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы 1-бөлігі бойынша (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), 590-бабы 9-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 613-бабы 1-бөлігімен (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару), 230-бабы 2-бөлігімен (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.