СҚО-да полицейлер мен ауыл тұрғындары өртті ауыздықтады
СҚО-да полицейлер мен ауыл тұрғындары өртті ауыздықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 желтоқсанға қараған түні Челябі – Новосібір автожолында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының экипажы Петропавл қаласын айналып өтетін жолдың бойында орналасқан дәмхананың жанында отты байқап қалады. Дәмханадан сәл алыстау жерде ораулы жатқан шөп өртенген. Оны күзетші мен сол маңда келе жатқан жергілікті тұрғындар сөндіріп жатыр екен. Олар өрт сөндіргішті қолданғанымен, жел құрғақ шөпті ұшыра бастаған. Өртті ауыздықтау үшін қар шашу ғана қалды. Полиция қызметкерлері Сұлтан Қуанышев пен Асиман Мирзоев қосыла кетіп, өрт шыққан жерді сөндірді. Бұл уақытта дәмханаға жапсарлас орналасқан қаңылтырмен қапталған қора-қопсы өртене бастаған еді.
Сұлтан Қуанышев қаңылтырды жұлып алып, барлығы отты сөндіруді жалғастырды. Сол аралықта оқиға орнына өрт сөндірушілер де келіп жетті. От тез арада сөндірілді. Дәмханаға зақым келмеді.
– Қызмет барысында батальон қызметкерлері көптеген жағдайлармен бетпе-бет келеді. Қуанышев пен Мирзоев бұған дейін де қиын жағдайларға тап болған адамдарға көмектесті. Қысқы жолда істен шыққан көліктерді жөндеуге көмектесу, медициналық көмекке мұқтаж адамды тез арада жеткізу сияқты оқиғалар жиі болады. Осы жайтқа ұқсас оқиға 2018 жылы да болған. Сұлтан Қуанышев өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан үйдің ішінен зейнеткерді алып шықты. Адамдар от жаққан кезде сақ болуы тиіс. Айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне қауіп төндірмеулерін сұраймыз, – дейді ПД патрульдік полиция батальонының командирі полиция капитаны Уәлихан Оразалин.