Сәтбаевқа ҚР ІІМ басшылығы жұмыс сапарымен барды
Сәтбаев қаласына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев келді. Жұмыс сапары барысында ол қала тұрғындарымен кездесіп, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу Кеншілер сарайы ғимаратында офлайн және онлайн форматта өтті. Халықпен кездесу Ұлытау облысының ПД Instagram парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Сондай-ақ тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, байланыс телефондарына қоңырау шалып, ұсыныстарын айта алды. Кездесу барысында қала тұрғындары тарапынан қонаққа бірнеше сұрақтар қойылды.
Қалаға жол белгілерін орнату, мектептерде полиция инспекторлары қажет екенін, кейбір қала тұрғындары шетелдік автомобильдерді тіркеуге және жүргізуші куәлігін алу мәселелеріне қызығушылық танытып, сауалдарын жолдай алды.
Қайсар Сұлтанбаев өз сөзінде ІІМ алдында әрі қарай мазмұндық және сапалық өзгерістер бойынша елеулі міндеттер тұрғанын атап өтті.
– Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен қасиетті Ұлытау облысына арнайы ат басын тіредік. Кеншілер қаласы Сәтбаевта жалпы криминогендік жағдай бақылауда. Түнгі уақытта көшеде, саябақтарда патрульдік полиция қызметі күшейтілді. Тәртіп сақшыларымен профилактикалық жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, көптеген қылмыстың жолы кесілді. Қазіргі уақытта көшедегі қауіпсіздікті қадағалау бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп атап өтті Қайсар Сұлтанбаев.
Халықты қабылдағаннан кейін Қайсар Сұлтанбаев Сәтбаев және Жезқазған қалаларының жеке құрамымен кездесу өткізді.