Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл полицейлері арнайы мектептің тәрбиеленушілерімен кездесті

Жамбыл полицейлері арнайы мектептің тәрбиеленушілерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қатысты іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепте есірткінің зияны жайлы дәріс өткізді. Арнайы мектепте құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен осында орналастырылған кәмелетке толмаған жеткіншектер тәрбиеленеді.

Дәріс барысында нашақорлықтың алдын алу, есірткіні тұтыну мен таратудың құқықтық мәселелері сөз етілді.

– Нашақорлыққа тәуелді адамдармен жүргізілген жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, осы «қақпанға» түскеннен кейін одан шығу өте қиын деп айта аламын. Есірткіні қолданудың зардабы өте ауыр. Есірткіге тәуелді адам үшін ерік-жігердің өзі жеткіліксіз, одан бас тарту үшін мамандардың кәсіби көмегі мен оңалту жылдары да қажет. Нашақорлық дерті сіздің өміріңізде ғана емес, жақындарыңыздың өміріне де, адам ағзасына да кері әсер етеді. Сіздердің келешек өмірлеріңіз алда. Қазір жастар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Жастарға тек ерекше ынтамен оқып білім алу, өзін жан-жақты дамыту, салауатты өмір салтын ұстану, биік талаптарға үлкен сеніммен ұмтылу және алға қойған мақсаттарына табандылықпен жету керек, – дейді өз сөзінде Әлім Бажықбаев.

Кездесу барысында қатысушылар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Әлім Бажықбаев ІІО-дағы жұмыстар, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар турасында тарқатып айтты.

– Бүгінгі дәріс барысында біздің тәрбиеленушілер көптеген пайдалы ақпарат алғанына сенімдімін. Өкінішке орай, балалар арасында бір кездері есірткі заттарын қолданғандар да бар. Сондықтан біз алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударамыз. Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұжымына тығыз ынтымақтастығы үшін алғысымды білдіремін, – деді Жамбыл облысының әкімдігі білім басқармасының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Оспан Күнтубаев.

Іс-шара соңында Әлім Бажықбаев қатысушыларға арнайы сыйлықтарын табыс етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау шеңберінде Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен қаланың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары мен студенттерінің қатысуымен осыған ұқсас іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің назарын нашақорлық мәселелріне аудару және алдын алу жұмыстарын бірлесе отырып жүргізу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру