ШҚО-да абаттандыру қағидаларын бұзудың 60-тан астам дерегінің жолы кесілді
ШҚО-да бір аптада абаттандыру қағидаларын бұзудың 60-тан астам дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көшелердің тазалығы, аулалардағы тәртіп пен қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерінің сақталуы полиция назарында. Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасты.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 60-тан астам, ал 434-бабының 2-бөлігі бойынша 12 құқық бұзушылық дерегіне қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар рұқсат етілмеген сегіз қоқыс орны анықталып, олардың барлығы тазартылды.
Тарбағатай ауданында абаттандыру қағидаларын бұзған екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға ескерту берілді.
Өскемен қаласында қоғамдық орындар мен тұрғын үйлердің аулаларында алкогольдік ішімдіктер ішуге қатысты бес дерек тіркелді. Әрбір жағдай бойынша заң аясында шара қабылданды.
Тағы бір жағдай Астана көшесінде тіркелді. Онда ер адам қоғамдық аумақты ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған ескерту берілді.
Елдімекендердегі тазалық пен тәртіп тек тиісті қызметтердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың жауапкершілігіне де байланысты. Қоршаған ортаны таза ұстау және өзгелерге құрметпен қарау – жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырудың негізгі шарттары.
