СҚО полицейлері аязда жолда қалған адамдарға көмектесіп жатыр
СҚО полицейлері аязда жолда қалған адамдарға көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы жолдар тіпті тәжірибелі жүргізушілерге де қауіп төндіреді. 10 қаңтар күні Астана – Петропавл республикалық автожолының 389-шы шақырымында Қырғызстан азаматы басқарып келе жатқан Daewoo Nexia автокөлігінің қозғалтқыш бөлігінен ақау шыққан. Ол Қазақстан арқылы транзитпен үйіне кетіп бара жатқан. Сол учаскеде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ақауды жөндеуге көмектесті.
Ал келесі оқиғада патрульдік полиция қызметкерлері емес, учаскелік полиция инспекторлары көмекке келді. Бір күн бұрын осыған ұқсас оқиға Қызылжар ауданында болған. Ерлі-зайыптылар мінген Volkswagen Passat автокөлігінің артқы дөңгелегі орнынан түсіп қалған. Қуанышқа орай, сол маңнан учаскелік полиция инспекторлары Аман мен Ақыл Байтеңізовтер өтіп бара жатқан. Қызмет бабымен Шаховское ауылына бара жатып, жол үстінде сынып тұрған көлікті көреді. Жүргізушіден қандай көмек қажет екенін сұрайды. Жүргізушінің өзімен бірге домкраты болмай қалған. Қосалқы бөлшектерін келтіргеннен кейін дөңгелек орнына қойылды.
Ал Ресей Федерациясында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Әлижановтың атына алғыс хат жазған. Омбы – Көкшетау тас жолында ресейліктерге учаскелік инспектор Талғат Байменов көмек көрсеткен.
– Полиция қызметкері жанымыздан өтіп кетпей, сынған көлігімізді Кішкенекөл ауылындағы ең жақын техникалық қызмет көрсету орталығына жеткізуге көмектесті, әрі біздің қауіпсіздігімізге көз жеткізіп, қызметтік міндеттерін атқаруға кетті. Мұндай қызметкерлерді үлгі ету керек, – делінген алғысқа толы хатта.
– Әрбір полиция қызметкеріне қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету туралы айтылады. Адамдардың қауіпсіздігін сақтау – әр полиция қызметкерінің міндеті. Бұдан бөлек, жүргізушілерге облыста ауа райы күрт өзгерген кезде жол үстінде мұқият болуға кеңес береміз. Ұзақ сапарларға шықпас бұрын алдын ала ойланып, көлік құралдарының техникалық жағдайын тексеріп алған жөн. Өзіңізбен бірге жылы киімдер, қажетті құрал-саймандар, байланыс құралдарын алыңыз және ТЖ қызметінің ескертулерін бақылап отыру керек, — дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.