Түркістан полицейлері 10-ға жуық алаяқтық дерегіне қатысы бар күдіктіні ұстады
Түркістан полицейлері 10-ға тарта алаяқтық дерегіне қатысы бар күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен жас қызды анықтады. Мұнда алаяқ жәбірленушілерді қайтарымсыз субсидия алумен алдап, ақшаларын алып, сан соқтырып кеткен.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық Полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болған облыс орталығының тұрғындары арызданды. Жәбірленушілердің бірі танысы қайтарымсыз субсидияға көмектесуге уәде беріп, 400 мың теңге алғанын хабарлады. Дәл осы алаяқ тағы екі жәбірленушіден 600 мың теңгеден алған.
Орын алған қылмысты ашу, күдіктіні анықтау бойынша Полиция басқармасында барлық қажетті іс-шаралар жүргізілді. Тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдермен атқарылған жұмыс нәтижесінде күдікті ретінде облыс орталығының тұрғыны ұсталды. Тексеру кезінде сезіктінің алаяқтық қылмысының шамамен 10 дерегіне қатысы бары белгілі болды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 9 миллион теңгеден астам.
Қазіргі уақытта осы жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда алаяқтың басқа қылмысқа қатыстылығы анықталып жатыр.