СҚО полицейлері ауыл тұрғынынан екінші мәрте заңсыз қару тәркіледі
СҚО полицейлері бір жыл ішінде ауыл тұрғынынан екінші тіркелмеген мылтықты тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 ақпаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Қауіпсіз апта» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Учаскелік полиция инспекторлары барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандырды. Мақсаты – криминогендік жағдайды жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, қылмыстың алдын алу.
Қызылжар ауданында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында Соколовка ауылындағы поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері мотосүйрегішке мініп келе жатқан 37 жастағы жергілікті тұрғынды тексеру үшін тоқтатқан. Тіркемеден 16-шы калибрлі тіркелмеген қос ұңғылы мылтық табылған. Ауыл тұрғынының айтуынша, мылтықты күзде даладан тауып алып, қараусыз қалған бос үйде сақтаған. Бұл жолы мылтықты үйіне алып келмек болған. Тәркіленген мылтық сараптамаға жіберіледі.
СҚО – Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабының 2-бөлігі (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша материал жиналды.
Өткен жылы осы азаматтан тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Бір жыл ішінде қайталап құқық бұзушылық жасаған жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Естеріңізге сала кетейік, тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыру оны сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.