Жамбыл облысының погонды аруларының арасында спорттық жарыс өтті
Жамбыл облысының погонды аруларының арасында спорттық жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Динамо спорт кешенінде 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстағы әйел полицейлер арасында спорттық жарыс өткізілді.
Аталмыш шараға 12 команда қатысты. Полиция департаментінен төрт құрама, Тараз қалалық полиция басқармасынан үш құрама, аудандық полиция бөлімдерінен бес құрама команда арқан тарту, үстел теннисі, қол күресі бойынша бақ сынады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин сөз сөйлеп, полицей қыздарды мерекемен құттықтады.
– Бiздiң қазақ әйелдері қоғамның қай саласында да өз үлесін қоса бiлген. Ерлермен қатар ел қорғаған – батыр, отбасының берекесін ойлайтын – Ана, әлемге сұлулық сыйлайтын – ару. Қандай мамандықта да жоғары жетiстiктерге жетіп жатыр. Осындай жан-жақты әйелдер қауымына мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!, – деді ПД бастығы А.Баймурзин
Тартысты додада қарсылас шақ келтірмеген ПД арнайы бөлінісінің «Барыс» командасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Қордай ауданы полиция бөлімінің «Гүлдер» командасы, үшінші орынды Тараз қаласы 1-ші полиция бөлімінің «Қайсар қыздар» командасы иеленді.
Сондай-ақ жарыста жекелей сынға түскен қыздар арасында да үздіктер ерекшеленді. Үстел теннисінен әріптестеріне әдемі ойын өрнегін көрсеткен «Қайсар қыздар» командасының ойыншысы Баян Зәбір, қол күрестен күші басым түскен «Барыс» командасының ойыншысы Маржан Өмірбекова жеңімпаз атанды. Арқан тартудан командалық есепте Тараз қаласы полиция басқармасының «Жұлдыздар» командасы жеңіс тұғырынан көрінді.
Барлық жеңімпаз командалар мен спортшы қыздар ПД бастығының алғыс хаттары және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.