Шымкентте ПД-ның бастығы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен аналармен кездесті
Шымкентте ПД-ның бастығы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен аналармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғыс айту мерекесіне орай және 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылық құрамы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды арнайы сыйлықтармен қуантты.
Департамент бастығы Қайрат Дәлбеков №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы аналар мен бүлдіршіндердің жай-күйімен танысты.
Сонымен қатар мерекелік кездесуге Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасарлары Александр Попов, Серік Ергешов, Штаб басқармасының бастығы Айжан Куленова және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Жаңыл Спанова қатысты.
Өз кезегінде, №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бастығы Нұржан Асанов қызмет алушыларға жасалған жағдайды бүге-шүгесіне дейін таныстырды. Полиция тарапынан жасалған қолдау мен қажетті көмектерді де ашық айтты. Генерал Қайрат Сұлтанбайұлы сөз болған мәселелерді алдағы уақытта бірлесіп шешуге уәде етті.
Сондай-ақ орталықтағы бүлдіршіндер тәртіп сақшыларына мерекелік концерт қойып, аналар ыстық ықыласын жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда мұнда 12 ана мен 36 балаға арнайы мамандар тарапынан әртүрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.