Қызылордада тергеу изоляторындағы айыпталушы заңды некеге тұрды
Қызылордада тергеу изоляторындағы айыпталушы заңды некеге тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде қамауда отырған А. есімді жас азамат бостандықта жүргенде танысқан сүйіктісімен заңды некеге тұру мақсатында мекеме заңгерінің қабылдауына жазылып, заңды некеге тұру бойынша сұрақтарын қойған болатын. Мекеменің заң тобының заң кеңесшісі Б.Абдразақ айыпталушының өтініш хаты негізінде некеге тұратын қос тараптан қажетті құжаттарды жинақтап, АХАЖ бөліміне жіберді.
Оларға неке куәлігін табыстау үшін мекемеге Қызылорда қалалық АХАЖ бөлімінің іс жүргізушісі Дидар Ғани келіп, қол қойдырып табыстады. Махаббаттарын заңдастырған қос ғашық қуанып, мекеме заңгеріне алғыс айтты.
– Заңгер Бекболат Абдразақовқа алғыс білдіремін. Көңілім жарасқан жанмен некемді заңдастырдым. Қамауда отырып, мұндай құқыққа қол жеткізгенім үшін қуаныштымын. Жасаған қылмысым үшін төрт жылға дейін бас бостандығымнан айырылуым мүмкін. Сол жылдарда көңіліме медеу болып, үміт сыйлайтын, ұзақ мерзімді кездесуге келіп тұратын заңды некедегі әйелімнің болғанына қуаныштымын, – деді неке куәлігін алған жігіт.