Алматыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі жалған жүргізуші куәлігін жасаған
Алматыда жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус жүргізушісі жалған жүргізуші куәлігін жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 жастағы қоғамдық көлік жүргізушісі 2022 жылдың қазан айында Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, белгіленбеген жерден жолдың оңтүстігіне қарай өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Оның жүргізуші куәлігі жалған болып шыққан.
– Бұл дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, ЖКО салдарынан жаяу жүргіншінің денсаулығына ауыр зиян келген. Тергеу барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі күдік тудырды. Арнайы сараптама оның қолдан жасалғанын анықтады. Бұл дерек тағы бір қылмыстық істі тіркеуге негіз болды. Жақында сот үкімі шықты, – деді Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
Медеу ауданының №2 сотының қаулысымен 29 жастағы Ж.есімді азамат ҚР ҚК-нің 385-бабының 2,3 бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу және 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.