Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда қаржы нысандары мен көпшілік орындарда қауіпсіздік күшейтіледі

Алматыда қаржы нысандары мен көпшілік демалатын орындарда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінде қаржы нысандары мен адамдар көп жиналатын орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет ұйымдарының басшыларымен жұмыс кездесуі өтті.

Кеңес күзет қызметін бақылау бөлімі тарапынан қылмыстық полиция басқармасы және қоғамдық қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Іс-шараға қауіп-қатері жоғары нысандарда қызмет атқаратын күзет ұйымдарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, олар – айырбастау пункттері, ломбардтар, банк бөлімшелері, сондай-ақ желтоқсан айында дәстүрлі түрде корпоративтік және мерекелік іс-шаралар өтетін түнгі көңіл көтеру орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлер.

Кездесу барысында күзетілетін нысандарда қауіпсіздік шараларын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жаңа жылдық әрі мерекелік күндері жанжалдардың туындауына жол бермеу мәселелері талқыланды.

Алматы қаласы полиция департаментінің күзет қызметін бақылау бөлімінің басшысы Бахтияр Темірбеков қауіпсіздік қызметтері мен полиция арасындағы үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

- Күзет ұйымдарының қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда адамдардың қауіпсіздігі мен мүліктің сақталуына жауапты. Мерекелер қарсаңында, әсіресе қаржы секторындағы нысандар мен түнгі демалыс орындарында бақылауды күшейту қажет. Көпшілік іс-шаралар өтетін жерлерде төбелеске, жанжалға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу маңызды, – деді Бахтияр Темірбеков.

Сондай-ақ ол күзет қызметіне қойылатын стандарттар мен регламенттердің міндетті түрде сақталуы қажет екенін еске салды.

- Әрбір күзетші төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмін нақты білуі, полициямен жедел байланыс орнатып, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Ортақ мақсатымыз – қаладағы мерекелік күндердің тыныш әрі қауіпсіз өтуі, – Бахтияр Темірбеков.

Кездесу қорытындысы бойынша күзет ұйымдарының басшыларына қарасты нысандарда патрульдеуді күшейту, жеке құрамның жауапкершілігін арттыру және кез келген төтенше жағдайлар туралы полицияға уақытылы хабарлау жөнінде ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру