Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да полиция жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күшейтілген режимде қызмет атқаруда

“Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Орал қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күшейтілген режимде қызмет атқарып, жаяу патрульге шықты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кезекті патрульдеу барысында М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің маңындағы Студенттер көшесінде тротуарға қойылған автокөлік анықталды. Сабақтан шыққан студенттер мен жаяу жүргіншілер көп шоғырланатын аумақта тұрған Toyota Camry көлігі адамдардың жүруіне кедергі келтірген. Жаяу жүргіншілер көлікті айналып өтуге мәжбүр болған.

Патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін анықтады. Ол 18 жастағы Орал қаласының тұрғыны болып шықты. Автокөлік тротуардан алынып, жаяу жүргіншілердің кедергісіз жүруіне жағдай жасалды.

Сондай-ақ жаяу патрульдеу кезінде Деркөл өзені үстіндегі көпірдің дәл ортасына, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарға қойылған тағы бір Toyota Camry автокөлігі анықталды. Мұндай әрекет адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Полиция қызметкерлері тиісті шаралар қабылдап, көлікті тротуардан алдыртты. Жүргізуші 21 жастағы азамат екені анықталды.

Тағы бір жағдай анықталды. Қаладағы адамдар, соның ішінде жастар көп жиналатын 6-шағын ауданда Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы демалыс орнының алдындағы тротуарға Hyundai Palisade көлігі қойылған. Көлік жаяу жүргіншілер жолын толығымен жауып тастаған. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер, велосипедшілер, сондай-ақ балаларын арбаға салып серуендетіп жүрген ата-аналар тротуармен өте алмай, көліктер ерсілі-қарсылы өтіп жатқан автожолға шығуға мәжбүр болған. Бұл жаяу жүргіншілердің өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірген.

Әрине, мұндай жағдай қала тұрғындарының наразылығын тудырған.

Полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін жедел анықтады. Ол 31 жастағы Орал қаласының тұрғыны болып шықты.

Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда жүру ережелерін сақтауға, тротуарларға көлік қоймауға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру