Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кішкентай куәгердің көмегі: криминалистің есінде қалған оқиға

Кентау қалалық полиция бөлімінің аға криминалисі Бекзат Манапов ішкі істер органдарында бес жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде оның кәсіби жұмысының нәтижесінде 7 қылмыс ашылып, сотқа жолданған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Криминалистің күнделікті жұмысы оқиға орнынан саусақ іздерін, аяқ киім мен көлік құралдарының іздерін және өзге де заттай дәлелдемелерді анықтап, жинаудан тұрады.

Бекзат Манапов қызмет барысында есте қалған оқиғалардың бірімен бөлісті.

- Кезекшілік кезінде Уәлиханов көшесіндегі пәтерлердің бірінен ұрлық жасалғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына барғанымызда белгісіз азаматтың кішкентай қызды алдап, үйден ноутбук алып кеткені анықталды. Ол өзін қыздың әкесі жіберген адам ретінде таныстырған.

Баладан күдіктіні фотосурет арқылы тани алатынын сұрадым. Ол бірден танитынын айтты. Кейін қызды анасымен бірге полиция бөліміне шақырып, оған фотосуреттер көрсеттік. Бүлдіршін күдіктіні еш қиындықсыз таныды. Оның көмегі қылмыстың ашылуына елеулі үлес қосты.

Бұл оқиға менің есімде ерекше сақталды. Өйткені кейде қылмысты ашуға үлкендердің емес, баланың өзі байқаған бір ғана белгісі көмектесуі мүмкін, – дейді криминалист.

Криминалистің еңбегі көпшілікке көріне бермейді. Алайда әрбір анықталған із бен табылған дәлелдің артында үлкен жауапкершілік, мұқияттылық пен кәсібилік жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру