Алматыдағы түрмеге тыйым салынған заттарды тасымалдаған 24 адам анықталды
Жыл басынан бері Алматыдағы түрмеге тыйым салынған заттарды тасымалдаған 24 адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға пайдалануға тыйым салынған заттарды жасырып немесе кез келген тәсiлмен беруге әрекеттенген адамдар ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады, ескерту жасалады немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Ал осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттері үшін 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе 30 тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамауға алынады.
Осындай жазаларға қарамастан жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №72 мекемесінде тергеу-қамауындағылар мен сотталғандарға тыйым салынған заттарды өткізуге әрекеттенген 24 адам ұсталды. Оның ішінде 4 әйел адам бар. Аталған фактілердің ішінде 14 факті №72 мекеменің фрон-кеңсесі арқылы өтпекші болғандардан анықталды. Бір өкініштісі құқық бұзушылардың арасында 8 қоғамдық қорғаушы, 1 адвокат бар.
Сондай-ақ сотталғандармен және тергеу қамауындағылармен қысқа мерзімді кездесуге келген 5 адамның да осындай заңсыздықтары анықталды. Соңғы кезде тыйым салынған заттарды пошта арқылы жіберетіндер де кездесуде. Атап айтқанда олар 14 телефон, 34 500 теңге, 1,5 литр спирттік ішімдік, 11 басқа да заттарды (SIM-карта, USB-шнур, қуаттағыш құралы) өткізуге әрекет жасаған. Мекеме аумағына тыйым салынған заттарды өткізбекші болғандардың барлығына хаттама толтырылып, Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.