Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облыстық ПД-ның ұйымдастыруымен қоян-қолтық ұрыстан ашық турнир өтті

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бөліністері арасында қоян-қолтық ұрыстан ашық турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған спорттық сайысқа полиция қызметкерлерімен қоса облыстық төтенше жағдайлар департаменті, қылмыстық-атқару жүйесі, Ұлттық ұланның Орталық қолбасшылығының командалары және Қорғаныс министрлігінің Астана өңірлік қолбасшылығынан, сондай-ақ Қарағанды қаласының Көкжал спорт клубының спортшылары қатысты. Боз кілемде 14 командадан құралған 103 спортшы өзара бақ сынасты. Жарыс нәтижесі бойынша облыстық полиция департаментінің оқу-жаттығу взводының жігіттерімен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері алдыңғы қатардан көрінді.

Қоян-қолтық ұрысынан өткен турнир бойынша жарысқа қатысушылар 57, 62, 67, 73, 80, 88 және 97 келіден жоғары салмақтар бойынша ең мықтыны анықтады. Нәтижесінде 80 келі салмақта жүлделі үшінші орынды оқу-жаттығу взводының қызметкері Асқар Айтбекпен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы Фархат Гайназаров ұтып алса, екінші орынды Нұрбек Жанұзақов ұтып алды. Ал осы салмақта бірінші орынды оқу-жаттығу взводының қызметкері Тілектес Әбишев қанжығасына байлады.

88 келі салмақта үшінші орынды Әлімжан Шәкенов пен Дархан Капаров ұтып алса, екінші орынды Гумар Шалтабаев, бірінші орынды Ерлан Рымбаев місе тұтты. Күн ұзаққа созылған жарыстың ең қызықты сәті 97 келіден жоғары салмақта бақ сынасқан спортшылар арасынан үшінші орынды Рамазан Мұсаев, екінші орынды Дамир Сыздықов, ал бірінші орынды Ерболат Берген ұтып алды.

– Барша спортшыларды қоян-қолтық ұрыстан өткен турнирдің сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Спорттық іс-шараның өте жоғары деңгейде өткеніне өте қуаныштымын. Қатысушылардың барлығына алғысымды білдіремін. Мұндай іс-шара салауатты өмір салтын насихаттауымызға өте қажет. Сондықтанда алдағы уақытта осындай игілікті іс-шараларды үзбей өткізіп тұрамыз, – деді жарыстың қорытынды сәтінде сөз сөйлеген облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Құттықтау сөзінен кейін департамент бастығы байрақты бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінгендерді марапаттап, медаль және грамоталар табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру