Қостанайда екі көлікті айдап әкеткен үш күдікті анықталды
Қостанайда бір түнде екі көлікті айдап әкетуге күдіктілер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайда екі автокөлікті заңсыз иеленуге күдікті үш жергілікті тұрғын анықталды. Олардың жасы – 19, 26 және 30-да.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер алкогольдік масаң күйде алдын ала сөз байласып, ГАЗ-33023 автокөлігін заңсыз иеленген. Кейін олар жол-көлік оқиғасына тап болған.
Алайда бұл жағдайдан кейін де құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпаған күдіктілер сол күні қаланың солтүстік бөлігіне барып, Audi автокөлігін де заңсыз иеленген болуы мүмкін.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері үш күдіктінің барлығын анықтады.
Audi автокөлігін басқарған жүргізуші алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта көлік құралдарын заңсыз иелену фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Полиция көлікті жымқыру мақсатынсыз заңсыз иеленудің өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
"Заң мен тәртіп" қағидаты – әрбір адамға ортақ талап.
