БҚО-да мас күйде КамАЗ басқарған жүргізуші ұсталды
Орал қаласында түнгі патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері күдік тудырған КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісін тоқтатқан, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлікті тоқтату барысында жүргізушіден алкоголь иісі сезілген. Тексеру кезінде оның 2023 жылы көлікті басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырғаны анықталды.
Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны расталды. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ауыр жүк көлігін мас күйде басқарған жүргізуші дер кезінде анықталып, жол қозғалысына төнуі мүмкін қауіптің алдын алу шаралары қабылданды.
