Ақтөбеде ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған заттар өткізілмек болды
Ақтөбедегі №8 түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды лақтыру әрекеті тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қазанда Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 мекемеде негізгі қоршау арқылы тыйым салынған заттарды лақтыру әрекетінің жолы кесілді.
Оқиға "Қадағалау" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген режимдік жұмыстар барысында анықталды. Тыйым салынған заттарды мекеме аумағына лақтыруға әрекеттенген азамат оқиға орнында ұсталды.
Оқиға орнына Ақтөбе қаласы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Тексеру барысында тыйым салынған заттар анықталып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес әкімшілік материал толтырылды. Құжаттар тиісті шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
ҚАЖ мекемесінде тыйым салынған заттардың жеткізілу арналарының жолын кесу және белгіленген тәртіпті сақтау мақсатында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.
