Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында пробация есебіндегі екі сотталған түзеу мекемесіне жіберілді

Қызылорда облысында пробация есебіндегі екі сотталған түзеу мекемесіне жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ге жуық азамат пробация бақылауында тұр. Олардың арасында сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеуден жалтарып жүрген сотталғандар да кездеседі. Пробация инспекторларымен жүргізілген профилактикалық жұмыстардан нәтиже шығармаған сотталғандар сот қаулысымен түзеу мекемесіне жіберілді.

Қалалық пробация қызметінің аға инспекторы Н.Баймурзаевтың айтуынша, екі сотталғанның бірі ұрлық қылмысы үшін, екіншісі алаяқтық үшін сотты болып, пробация есебіне алынған. Тіркеуге алынған соң бір ай ғана келген азамат одан кейін тіркеуге де келмей жаза өтеуден жалтарып жүрген.

– Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Бірнеше рет жазадан жалтарған сотталғанды бас бостандығынан айыру жазасына пробация қызметімен сотқа ұсыныс жолданды. Екінші әйел де сот жүктеген міндеттерді орындамай, кешкі мезгілде ойын-сауық орындарына барған. Бірнеше рет ұсақ-түйек бұзақылық жасап, полиция қызметкерлерімен әкімшілік хаттама толтырылған. Жүргізілген профилактикалық жұмыстардан еш нәтиже шығармаған азаматшаға қатысты да пробация қызметкерлерімен сотқа ұсыныс жолданды. Сотта пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, сот қаулысымен екі сотталғанның жазаларының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Сот қаулысы заңды күшіне еніп, екі сотталған түзеу мекемесіне жіберілді, – деді Нұрбол Баймурзаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру