Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД музейінде милицияның даңқты ардагеріне арналған экспозиция ашылды

Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Қазақ кеңестік социалистік республикасы ішкі істер министрінің орынбасары болған Ахмет Тұмарбековтың балалары солтүстікқазақстандық полиция музейіне құнды жәдігерлерді сыйға тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ахмет Тұмарбеков 100 жыл бұрын 1923 жылдың 10 қазанында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Далбинск ауылында туған. Ол Петропавлда мектепті тәмамдап, 17 жасынан ішкі істер органдарында еңбек жолын бастаған. 18 жасқа толғаннан кейін әскер қатарына шақырылды. Солтүстік-Батыс, Дала, Орталық, Воронеж және бірінші Украин майдандарында соғысқан. Курск доғасында болған шайқастарға қатысқан. Сержант А.Тұмарбековтің батылдығы мен ерлігі автор А.Гончаровтың «Көк жаяу әскер» кітабында сипатталады.

1948 жылы Қазақстанға оралып, ішкі істер органдарындағы қызметін жалғастырады. Тергеуші болған, кадр жұмысымен айналысқан. 1961 жылы ол ішкі істер министрінің орынбасары, сонымен бірге Қазақ КСР милиция басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл лауазымда ол 21 жыл қызмет етеді. Жалпы еңбек өтілі 43 жылды құрайды.

Ахмет Тұмарбеков мінсіз және адал қызметі үшін он орденмен, медальдармен, ведомстволық наградалармен марапатталған. Солардың бірі – Еңбек Қызыл Ту ордені. 1956 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып «КСРО ІІМ еңбек сіңірген қызметкері» белгісімен марапатталған. Қазақ кеңестік социалистік республикасы Жоғарғы кеңесінің екі мәрте депутаты болған. Өзі және басқа авторлармен бірге бірнеше кітап жазған.

– Біз әкемізді мақтан тұтамыз. Оның заттарының солтүстікқазақстандық полиция музейінде сақталуы біз үшін үлкен қуаныш, – дейді генералдың туыстары бейнеүндеуде.

СҚО ПД музейінің меңгерушісі Любовь Осинскаяның айтуынша, бұл экспозиция Қазақстан полициясы күніне орай ашылып отыр. Республикамыздың ішкі істер органдарында қызмет атқарған даңқты генералдың еңбек жолы тәуелсіз Қазақстан полициясының жас қызметкерлері үшін үлгі болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру