Полиция күніне орай ІІМ-де мінсіз қызметімен көзге түскен сақшылар мен ардагерлер марапатталды
Қазақстан полициясының күніне орай ІІМ қызметкерлері, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның ардагерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрметіне орнатылған естелік тақтасына гүл шоқтарын қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов салтанатты жиында ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттады.
Ведомство басшысы ішкі істер органдарының қалыптасуы мен дамуына, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге және даңқты дәстүрлерді сақтауға үлес қосқан ардагерлерге ерекше алғысын білдірді.
ІІМ ең ірі және көпфункционалды мемлекеттік орган болып табылады. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау – ведомствоның басты міндеттері. Мұның бәрі полицейлерден күнделікті жауапкершілікті, жоғары біліктілікті, жанқиярлықты талап етеді.
Өзінің кәсіби мерекесінде де ішкі істер органдарының қызметкерлері заң мен құқықтық тәртіпті қорғауды жалғастыруда.
Тәуелсіздік жылдарында ішкі істер органдарының 816 қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапты, 4 628-і жарақат алды, 1 779-дан астамы мемлекеттік наградалармен марапатталды, оның 157-сі қайтыс болғаннан кейін.