Шымкентте жеке басын анықтайтын құжаты жоқ 250-ге жуық шетелдік азамат қабылдап-тарату орнына жеткізілді
Республикалық көлемде өткізілген “Заңсыз келуші” ЖПІШ барысында шымкенттік полицейлер көші-қон заңнамасын бұзудың 851 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары қала аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, құрылыс орындары мен сауда нүктелерін және тұрғын үйлерді тексерді.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзған 565 шетелдікке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.
Өзге елдің азаматтарын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткені үшін, 214 қазақстандық анықталып, ӘҚБтК-тің 518-бабында көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Бұған қоса, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 54 құқық бұзушы анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Қала аумағында көші-қон заңдылығын бұзған 41 шетелдік Қазақстан Республикасы аумағынан аластатылып, халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы ұсталды.
Қазіргі таңда, қабылдап-тарату орнына жеке бастарын анықтайтын құжаттары жоқ – 247 тұлға орналастырылды. Іс-шара барысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың 1 (ҚР ҚК 394-бабы) және шетелдік еңбек күшін заңсыз бірнеше рет пайдаланудың (ҚР ҚК 395-бабы) 1-дерегі анықталып, қылмыстық іс қозғалды.
Осы орайда шымкенттік полицейлер шетелдіктерді уақтылы тіркемеу және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту немесе пайдалану ҚР ӘҚБтК-нің 518 және 519-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.