ІІМ-де ақпараттандыру және байланыс департаменті бастығының жаңа орынбасары таныстырылды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ведомствоның басшы құрамына ақпараттандыру және байланыс департаменті бастығының жаңа орынбасары Наталья Вакулинаны таныстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол бұрын осы қызмет басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.
Министр тағайындау меритократия қағидаттарына толық сәйкес келетінін, сондай-ақ оның осы бағыттағы мол жұмыс тәжірибесін атап өтті.
ІІМ басшысы күнделікті полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану басты міндеттердің бірі екенін еске салды. Цифрлық құралдар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полиция жұмысын жетілдіру үшін пайдаланылады. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік береді.
Марат Ахметжанов министрлік әзірлеген цифрлық шешімдерді өңірлердегі аумақтық полиция бөлімшелерінің практикалық қызметіне енгізу бойынша үлкен жұмыстар күтіп тұрғанын атап өтіп, оған жаңа жұмыс орнында табыс тіледі.