Сауран тұрғыны ауылдасының автокөлік бөлшектерін ұрлап, сатып жіберген
Түркістан облысының полицейлері ауылдасының автокөлік бөлшектерін ұрлаған ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі аккумулятор ұрлығы бойынша арызданды. Оның айтуынша, күндізгі уақытта белгісіз біреу оның ВАЗ-2106 көлігінен аккумуляторы мен дөңгелегін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 140 мың теңге.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті іздестіру шараларын жүзеге асырды. Нәтижесінде полицейлер бір тәулік ішінде күдіктіні анықтады. Ол жәбірленушінің ауылдасы, жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықтау барысында, күдікті бөтеннің мүлкін сатып жіберіп, ақшасын бас пайдасына жаратып жібергені белгілі болды. Сақшылар қолды болған аккумуляторды тәркілеп, өз иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктінің қылмысы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.