Шымкенттік полицейлер дәстүрлі байқауда бақ сынасты
Шымкент қаласы полиция департаментінде «Парасатты полицей – 2023» байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға және ана тілімізді кеңінен насихаттауға бағытталған салтанатты шараға 6 команда қатысты.
Оның ішінде, “Абай жастары”, “Қаратау серілері”, “Собрлы жігіттер”, “Мегаполис”, “Тұран” және “Достық” командалары өнер көрсетті.
Сайыс “Жаңа Қазақстан” және “Абай оқулары” атты екі айналымнан тұрды. Өнерлі қатысушылар өзара бәсекеге түсіп, кімнің шын мықты екенін дәлелдеді.
Әділқазылар алқасының шешімімен ең жоғары ұпайға ие болған “Мегаполис” командасы 6-8 қыркүйекте Жамбыл облысында өтететін республикалық байқауға жолдама алды.
Бір ғана ұпай айырмашылықпен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың “Собрлы жігіттер” командасы жүлделі І орынды иеленді. Екінші орынға «Қаратау серілері» тобы лайық деп танылса, үздік үштікті «Тұран» командасы тәмамдады.
“Достық” командасының тәртіп сақшылары “Көрермен көзайымы” номинациясына ие болса, Абай жастары “Ұйымшыл топ” номинациясына лайық деп танылды. “Ұлты өзге, тілі бір” атты ерекше марапат “Достық” командасының мүшесі Алексей Захарға табысталды.
Айта кетейік, аталған өнер сайысы 2014 жылдан бері полиция қызметкерлері арасында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқауға айналды.