Жол қателікті кешірмейді: СҚО полицейлері автошеру өткізді
Солтүстікқазақстандық полицейлер төрт күндік «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын зақымдалған көліктерді артып алған эвакуаторлардың автошеруімен аяқтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Эвакуаторлар мен патрульдік көліктерден құралған автокөліктердің шағын легі Астана – Петропавл тас жолына шығып, облыс орталығынан бастап, Аққайың ауданының шекарасына дейін жүріп өтті. Автошерудің қатысушылары жол-жөнекей тоқтап, жүргізушілерге жадынамалар, парақшалар таратты. Жүргізушілердің айтуларынша, зақымдалған көліктерді көргенде бойларын үрей билеген.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы облыс жолдарында 18-21 тамыз аралығында өткізілді. Бұл күндері жол жүрісі қағидаларының түрлі 1448 бұзушылығы, дәлірек айтқанда, көлік құралдарын масаң күйде басқарудың – 22, қауіпсіздік белдігін пайдаланбаудың – 178, жылдамдықты асырудың 156 фактісі анықталды. Жаяу жүргіншілер тарапынан 143 бұзушылық тіркелді. Олар жолдың рұқсат етілмеген жерінен және бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен. Жол-көлік жарақатының алдын алу полицейлердің басты назарында. Қазір адамдардың кейбірі еңбек демалыстарын жаз кезінде өткізуде. Жақында жаңа оқу жылы да басталады. Көп ұзамай елді мекендердің көшелеріне мыңдаған кішкентай жаяу жүргінші шығады. Осы жылдың 7 айында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 184 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 22 адам көз жұмып, 20 адам түрлі жарақат алды. Мас жүргізушілердің кінәсінен 14 жол апаты тіркелді, 4 адам қаза тауып, 20 адам жарақаттанды.
– Бұл соңғы екі айда өткізіліп отырған екінші акция. Автошерудің мақсаты – жол жүрісі қағидаларының бұзылуы осындай жағдайға алып келуі мүмкін екенін облыс тұрғындары мен қонақтарына көрсету. Жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, жол үстінде жылдамдық режимін асырмай, қауіпсіз арақашықтықты ұстауға, барынша сақ болуға және автокөлікті шаршаңқы күйде жүргізбеуге шақырамыз. Жол қателіктерді кешірмейді. Жол жүрісі қағидаларын сақтау арқылы өзіңіздің және жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірін сақтап қаласыздар, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.