Алматы облысында есірткі алқаптарын жою бойынша ІІМ мен ҰҚК-нің бірлескен операциясы жалғасын тапты
Алматы облысының Балқаш ауданында дрондардың көмегімен құрамында есірткі бар қарасора егілген плантация анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының тұрғыны шалғайдағы бір гектар жерде «үнді» қарасорасын өсіргені белгілі болды.
Плантацияны анықтағаннан кейін полицейлер бірден бес тоннадан астам есірткі қарасорасын жойды. Өсімдіктерді жою бірнеше күнге созылды. Нәтижесінде қарасора алқабындағы өнімнің жалпы салмағы 10 тоннадан асты.
ІІМ-де түсіндіргендей, қылмыскерлер көп жағдайда үнді қарасорасының сортын оның жоғары есірткілік деңгейі мен бұтасының үлкен көлеміне байланысты таңдайды. Мұндай өсімдіктің сабағы төрт метрге жетіп, салмағы бір килограмнан асады.
Аталмыш қылмысқа қатысы бар күдікті құрықталды. Оған қатысты құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіргені үшін Қылмыстық кодекстің 300-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаза сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Осы факті бойынша тергеу жалғасуда.