Балалардың жолдағы қауіпсіздігі ІІМ-нің басты назарында
Ішкі істер министрлігі жолдағы балалар өлімін азайту бойынша шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің жолдарында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республика аумағында «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Ол қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Іс-шараны өткізу кезінде аумақтық бөлімшелер құқықтық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізетін болады.
Сонымен қатар жаяу жүргінші балалардың жол жүрісі қағидаларын сақтауын және балаларды тасымалдау кезінде оларды ұстау құрылғыларын пайдалануды насихаттауға бағытталған аудио және бейнероликтер қоғамдық орындарда, автобустарда, кинотеатрларда көрсетілетін болады.
Оқу күндерінің басталуымен іс-шара шеңберінде полиция қызметкерлері білім беру органдарымен, мектеп отрядтарымен бірлесіп, жол жүрісі қауіпсіздігі бойынша сабақтар өткізетін болады.
Айта кету керек, оқу орындарының жанындағы жол инфрақұрылымы да тұрақты негізде тексеріледі.
Жол және коммуналдық қызметтердің өкілдерімен бірлесіп, жалпы білім беру мекемелеріне іргелес аумақта жаяу жүргіншілер өткелдерін қажетті жол белгілерімен, жаяу жүргіншілер қоршауларымен және жол жүрісін реттеудің басқа да техникалық құралдарымен қамтамасыз ету бойынша бес мыңға жуық тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті ұйымдарға кемшіліктерді жою мақсатымен 1500-ға жуық ұйғарым берілді.
Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді тасымалдауға арналған көліктерге көп көңіл бөлінеді.
– Ағымдағы жылы біздің қызметкерлер оқу орындарына тиесілі 1200-ге жуық осындай көлік құралын тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою туралы 200-ден астам нұсқама берілді.
Еліміздің барлық мектептері үш күннен кейін балаларға есігін айқара ашатынына ерекше назар аударғым келеді. Бұл кезеңде балалар «үй – мектеп – үй» бағыты бойынша қозғалады.
Реттеуші және бағдаршам сигналдарының, жол белгілерінің, жол жұмыстарында қолданылатын дыбыстық және жарық сигналдарының талаптарын қатаң сақтау қажет!
Барлығын мұқият және өзара сыпайы болуға шақырамыз!
Тротуарлармен немесе жаяу жүргіншілер жолдарымен, ал олар болмаған кезде жол жиектерімен жүріңіздер.
Жолдың жүріс бөлігін тек жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы, ал олар көрінбейтін жерде – тротуарлар немесе жол жиектері сызығының қиылыстарында кесіп өтіңіз.
Жолдың жүріс бөлігіне шыққаннан кейін кідірмеңіз немесе тоқтамаңыз. Егер сіз өтуді аяқтай алмасаңыз, көлік ағындарын бөлетін қауіпсіз аралға тоқтаңыз және одан әрі жүрістің қауіпсіздігіне көз жеткізіп, бағдаршам сигналдарын ескере отырып, өтуді жалғастырыңыз.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі көбінесе ата-аналарға байланысты екенін есте ұстаған жөн, өйткені балалар ересектердің мінез-құлқын көшіріп, олардың пікірін тыңдайды.
Осыған байланысты жол жүрісіне қатысушылардың барлығын жол жүрісі қағидаларын сақтауға және өскелең ұрпағымызды қорғауға шақырамыз!
Ішкі тәртіп, заңға және басқа адамдардың құқықтарына құрметпен қарау – бұл қазақстандық қоғам ұмтылуға және соған сәйкес болуға тиіс нормалар, – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.