Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте орден иегері жоғалған мүгедек тұрғынды туыстарына тауып берді

Шымкентте орден иегері жоғалған мүгедек тұрғынды туыстарына тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz

“102” арнасы арқылы жергілікті тұрғын полицияға ағасының жоғалғанын айтып, арызданған. Қала тұрғыны 50 жастағы ер адамның бірінші топтағы мүгедек екенін, анық сөйлей алмайтынын және көшеде өз бетінше жүре алмайтынын айтқан. Әйел ағасынан киім базарында сауда жасап жүргенде көз жазып қалған.

Жоғалған азаматтың жүрген жерін анықтауға Шымкент ҚПД Тұран АПБ-ның қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары базар аумағын және жақын маңдарды аралап, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, оны көрген адамдардан сұрастырған.

Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бірнеше сағаттан кейін полиция қызметкері Арман Әріпжанов ер адамды Темірлан тас жолының бойында базардан 4 шақырымдай жерден тапқан.

Өз кезегінде туысы тәртіп сақшысына кәсіби біліктілігі мен біреудің қайғысына немқұрайлы қарамайтыны үшін шынайы алғысын білдірді.

– Азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау – біздің басты міндетіміз. Ал халықтың алғысы – полицей үшін ең жақсы марапат, – дейді Арман Талғатұлы.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында жедел уәкіл ҚР Президентінің Жарлығымен қала орталығында қауіпті қарулы қылмыскерді ұстағаны үшін II дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру