Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да сот және құқық қорғау органдары ардагерлерінің арасында шағын футболдан турнир өтті

СҚО-да Конституция күні қарсаңында сот және құқық қорғау органдары ардагерлерінің арасында шағын футболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Констиуция күні қарсаңында Петропавл қаласында мемлекеттік мерекеге және “Әділет” футбол командасының 25 жылдығына арналған турнир өтті. Турнирге барлығы 6 команда қатысты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған командада полиция, кедендік бақылау, әділет, прокуратура, сот органдарының қызметкерлері және тағы басқалар ойнады. 

Турнирдің ашылуына Қазақстан, Ресейдің әртүрлі қалаларынан ардагерлер келді. Олардың қатарында жігіттік шақтарында танымал алматылық “Қайрат” командасында ойнаған футбол ардагерлері де бар.

– “Әділет” командасы жергілікті жастардан құрылды. Лайықты өнер көрсеттік. Әріптестердің шақыруымен Ақтау, Көкшетау, Тараз, Қарағанды, Өскемен, тіпті Ресей Федерациясының Омбы қаласына да бардық. Бүгін осы турнирге Ресейдің Новосибирск қаласынан досымыз, еркін күрестен КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Валерий Панин, кеңестік және қазақстандық футболшы, жаттықтырушы Юрий Чухлеба арнайы келіп отыр. Қазір барлығымыз түрлі қалаларда тұрып жатырмыз, әртүрлі қызметтеміз, енді біріміз құрметті зейнет демалысында. Бұған қарамастан біздің достығымыз жалғасуда, – дейді естеліктерімен бөліскен Досжан Әмір.

Бірінші болып ойын алаңында “Алға Авангард” пен “Көкшетау” командалары шықты. Ойын сәйкесінше 7:0 есебімен аяқталды. Бұл уақытта көрші алаңда “Динамо” мен “Әділет” командаларының ойыншылары кездестіп, әділеттіктер басым түсті.

– 25 жыл – тек футбол ойнаған жыл емес, бұл біздің ажырамас достығымыз. Осы уақытта бізбен бірге балаларымыз да өсті. Енді командада олар ойнап жүр. “Әділет” футбол клубы нағыз ер азаматтардың достығының символына айналды. Осындай бастаманы қолға алып, жақсы кездесу ұйымдастырғаны үшін достарыма алғысымды білдіремін, – дейді “Әділет” командасының ойыншысы Жеңіс Есләмов.

Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды – “Әділет” командасы иеленді. Екінші орын – астаналық “Жақсы” командасының еншісінде, үшінші орын петропавлдық “Алға Авангард” командасының ойыншыларына бұйырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру