Астаналық полицейлер велосипед ұрлаған күдіктіні құрықтады
Астаналық полицейлер велосипед ұрлаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны құны 75 000 теңге тұратын «Trinks» велосипедінің ұрланғаны туралы полицияға арызданған. Велосипед иесінің айтуынша, ол екі дөңгелекті көлікті түнгі уақытта Сәтбаев көшесіндегі тұрғын үйдің жанындағы велосипед тұрағына, кабельге бекітпей қалдырғанын айтқан. Келесі күні велосипедтің жоғалып кеткенін байқаған жәбірленуші полицияға бірден хабарласқан.
«Алматы» аудандық ПБ-ның тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ұрлық жасады деген күдікпен Қарағанды қаласының 29 және 33 жастағы тұрғындарын анықтады.
Тергеу барысында ер адамдардың елордада бірнеше велосипед ұрлау фактілеріне қатысы бар екені белгілі болды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдіктілер кінәсін мойындады, ұрланған велосипед тәркіленді. Қазір елордада бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.