Талдықорған тұрғыны бірнеше рет велосипед ұрлады деген күдікке ілінді
Талдықорған тұрғыны бірнеше рет велосипед ұрлады деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорғанда полицейлер бірнеше рет қымбат велосипед ұрлады деген күдікпен 26 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адамның әзірше үш ұрлық жасағаны анықталды. Ұрланған велосипедтер табылып, заңды иелеріне қайтарылды.
Барлық үш эпизод тамыз айының соңында Жастар шағын ауданында тіркелген. Көшедегі камералардың көмегімен күдіктінің кім екені белгілі болды.
– Күдікті бұрын ұсақ ұрлық жасағаны үшін жауапқа тартылған 26 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам велосипедтің бірін сатып үлгерген. Қалған екеуі оның үйінен табылды, – деді Талдықорған қаласы ПБ бастығының орынбасары Қайрат Баймұханов.
Ұсталған азамат қалалық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел қызметкерлер жас жігіттің осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы бар-жоғын тексеруді жалғастырып жатыр.