Астанада жолаушы такси жүргізушісінің әмиянын ұрлап кеткен
Астанада жолаушы такси жүргізушісінің әмиянын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға такси жүргізушісі көлігінен ақшасы бар әмиян жоғалғаны туралы арызданған. Ер адам әмиянның жоғалғанын жолаушы әйелді көрсетілген мекенжайға жеткізіп салған соң кейін білген.
Тергеу барысында Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы елорда тұрғынын анықтады. Межелі жерге жеткен бойжеткен жүргізушінің назары басқа жаққа ауғанын пайдаланып, көлік панелінде жатқан әмиянды жымқырып үлгергені белгілі болды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Анықталған күдіктінің елорда аумағында осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.