«Газ тапаншамен қорқытқан»: Алматыда өтіп бара жатқан адамдарды тонаған жалған полицейлер ұсталды
Алматыда жалған полицейлер өтіп бара жатқан адамдарды газ тапаншамен қорқытып, ақшалары мен телефондарын тартып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған екі азамат өтіп бара жатқан адамдарды тонаған.
– Тергеудің осы кезеңінде, күдіктілер – 27 жастағы А.есімді азамат пен 20 жастағы Г.есімді азамат жастарды тоқтатып, өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған. Содан оларға жалған қызметтік куәлік көрсетіп, есірткі қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды деп сендіргені белгілі болды. Одан кейін олар ақша талап еткен, көнбеген жағдайда, газ тапаншасымен қорқытып, телефондары мен ақшасын тартып алған. Қазіргі уақытта ұсталғандардың қаланың басқа аудандарында да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғын анықталып жатыр. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Сонымен қатар полиция ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейтінін еске салды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.